• Главная
  • Атырау жастары қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Мадина Ғабдусалимовамен кездесті
20:00, 29 ноября 2023 г.

Атырау жастары қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Мадина Ғабдусалимовамен кездесті

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Мадина Ғабдусалимовамен «Ғибратты ғұмыр» атты кездесу кеші өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. 

Іс-шара Атырау облысының, Атырау қаласының және Махамбет ауданының «Құрметті азаматы», қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Мадина Ғабдусалимованың ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа үлгі етіп, насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесу кешінде ғұмырын кеңестік дәуір мен тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арнаған, мемлекет саясатын жүзеге асыру, халыққа қызмет ету, жастарды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен М.Ғабдусалимова өзінің өмір жолы мен қызметі туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ қоғам қайраткеріне арналған бейнематериал көрсетіліп, естеліктер айтылды.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова қатысып, кеш маңыздылығы жайында айтып өтті.

-М.Ғабдусалимованың ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізіліп отырған осы кештің ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Апайымыздың өмір жолы, еліміздің дамуы үшін еткен еңбектері көпке үлгі екені бәрімізге белгілі. Кеш жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Жастар апамыздың әңгімелерін тыңдап, мол мұрасымен танысуда. Мен осы кездесуде М.Ғабдусалимова жарық көруіне тікелей себепкер болған Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың  «Ақерке-Ақжайық» әнін тарту етпекпін. Сонымен қатар шашу ретінде өзімнің сиясы кеппеген «Ауылым әнімсің» әнін ұсынамын, - деді Г.Сүндетова.   

Мәдени шараға Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі мен Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі және Атырау жоғары медициналық колледжінің студенттері, оқырмандар қатысып, М.Ғабдусалимоваға сауалдарын қойып, терең мағлұматтар алды.

Айта кетейік, есімі Атырау атырабына танымал еңбек ардагері ең алғашқы қызметін ауыл мұғалімінен бастаған. Ол Кеңес заманында Махамбет, Исатай аудандарының партия басшылығында қызмет етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық дамуына зор үлес қосқан және облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарған. М.Ғабдусалимова зейнет жасына шыққаннан кейін де аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #"Парасат" #Мәдина Ғабдусалимова
Объявления
live comments feed...