• Главная
  • Өңірде үш экологиялық жоба жүзеге асырылуда
14:00, 24 ноября 2023 г.

Өңірде үш экологиялық жоба жүзеге асырылуда

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Биыл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен «Шелл Қазақстан» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған «EcoBatys 2.0» жобасы аясында Атырау облысының үкіметтік емес ұйымдары 3 грант иеленіп, жан-жақты экологиялық іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз хатшысы Әсем Мырхайдарованың айтуынша, биыл «Шелл Қазақстан» компаниясы «EcoBatys 2.0» жобасы шеңберінде еліміздің батыс өңірлерінде 7 миллион теңгеден 9 грант бөлген. Оның үшеуін Атырау облысы иеленіп, «Таң» қолдау және дамыту қоры, «Ecologiсa» және «Құрманғазы – Туған жер» қоғамдық қорлары іске асыруда.

- Бүгін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен «Шелл Қазақстан» компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаларды тұрғындарға таныстыру мақсатында осы жиын өткізіліп отыр. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 3 жоба және Маңғыстау мен Атырау облысында 3 жобадан жүзеге асырылуда. Өңірлердің үкіметтік емес ұйымдары қоршаған ортаны жақсарту үшін бірқатар жұмыстар жүргізуде. Бұл жобалар халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге үлес қосады, - деді Ә.Мырхайдарова.

Жиында «Таң» қолдау және дамыту қорының сарапшысы Шынар Ізтілеуова «Ecovіsion 2» жобасы қоқыстарды үй маңында бөлек жинауға жағдай жасау арқылы жер ресурстарының тұтыну қалдықтарымен ластануының төмендеуіне ықпал етуге бағытталғанын айтып өтті. Бұл жоба халыққа қоқысты дұрыс сұрыптау және суды үнемдеу жолдарын дәріптейді.

Сондай-ақ «Ecologiсa» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Сақта» жобасы бойынша қоғам белсенділері қала орталығында «Жабайы табиғат» стилінде саябақ құрмақ. Қала халқын біріктіре отырып, Жайық өзенін қорғауға бағытталған іс-шаралар жүргізіп, өзеннің таяздығын болдырмауға үлес қосады.

Сонымен қатар «Құрманғазы – Туған жер» қоғамдық қоры «Жасыл мектеп» жобасын ұйымдастырып, Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылындағы орта мектептің базасында 400 ағаш отырғызады. Және оқушыларды «Құрманғазы ЭКО» 2 экологиялық инновациялық жобасымен таныстырып, мектептегі кәсіптік бағдар беру пәндерін жаңартады.

Айта кетейік, «Шелл» компаниясы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын ілгерілетуге экологиялық бастамаларға қолдау көрсетуде. Табиғатқа қамқорлық жасауды көздейтін «Дамуға арналған энергия» жаңа стратегиясын қабылдап, биоалуантүрлілік, су, айналмалы экономика және қалдықтарды басқару мен ауа сапасы бағыттарды қамтиды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #экологиялық жобалар
Объявления
live comments feed...