• Главная
  • Мәскеулік дәрігер Атырау облыстық балалар ауруханасында бес күрделі ота жасады
10:00, 24 ноября 2023 г.

Мәскеулік дәрігер Атырау облыстық балалар ауруханасында бес күрделі ота жасады

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

«Сәби» қайырымдылық қорының «Шұғыл балалар хирургиясы» атты жобасы шеңберінде академик С.Я.Долецкий атындағы «Ресей медициналық үздіксіз кәсіптік білім беру академиясының» балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Юрий  Соколовтың  қатысуымен облыстық балалар ауруханасы базасында шеберлік сағаты ұйымдастырылып, күрделі оталар жасалынды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Шеберлік сағаты өңірде қол жетпейтін күрделі оталарды заманауи технологияның көмегімен жасау және жергілікті мамандарды даярлап, үйретуімен ерекшеленіп отыр.  

-Қазақстанда осындай іс-сапарларды жиі ұйымдастыратыны мені қуантады. Алматы, Семей, Ақтау қалаларында болдым. Атырауға алғаш рет келуім. Мұндағы техникалар менің көңілімнен шықты. Бес ота сәтті жасалынды. Дәрігерлерге ота барысында өз тәжірибемнен ақпараттар бере алдым деп ойлаймын. Медицина саласы жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан алдағы уақытта ауруханалар жаңа технологиялармен толықтырылып, жаңарып тұрғаны дұрыс, - деді Ю.Соколов.

Сондай-ақ балалар ауруханасының басшысы Нұрқабыл Айтмұхамбетов профессордың облысқа келу себебін атап өтті. 

- Білім жетілдіру, тәжірибе алмасу барысында мәскеулік профессор, бала хирургы Ю.Соколов, «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетованың қолдауымен келіп отыр. Мақсат - өңірімізде жасалмаған оталарды жасаумен қатар, тәжірибе алмасу, емдеу тәсілдерін дәрігерлерге үйрету. Алғашқы күні профессор бес ота жасады. Барлығы сәтті өтті. Қазіргі таңда балалардың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенімдімін, - деді Н.Айтмұхамбетов.  

Ал облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева 3-15 жастағы балаларға жасалған оталар туа біткен ақаулары бар асқазан-ішек жолдарының ауруларына жасалғанын жеткізді. 

-Оның ішінде бір балада гемолитикалық анемия болды, ота барысында көкбауыр кистасын алып тастадық және өт жолдарының ақаулары бар балаға ота жасалды. Олардың барлығы қазір операциядан кейінгі кезеңнен өтіп жатыр, бақылауымызда, -  деді ол.  

Айта кетейік, аталған шеберлік сағаты «Сәби» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен, ресейлік профессордың қатысуымен аурухана базасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #мәскеу дәрігері #балалар ауруханасы
Объявления
live comments feed...