• Главная
  • Атырауда алғаш рет «Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты зағип жандар арасында республикалық байқау өтуде
18:00, 17 ноября 2023 г.

Атырауда алғаш рет «Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты зағип жандар арасында республикалық байқау өтуде

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Іс-шараны облыс әкімдігі мен облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы, облыстық Ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы өткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. 

Өнер додасы ерекше жандарға мәдени және рухани қолдау көрсетіп, өнерпаздардың шығармашылық байланыстарын нығайту үшін ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ көрермен алдында өнерлерін ұсынуға мүмкіндік бере отырып, облыстық филиалдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсаты көзделген. 

Байқауға облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. 

- Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, оларға қоршаған ортада өзгелермен тең дәрежеде кедергісіз өмір сүріп, қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуі үшін қажетті жұмыстар атқарылып келеді. Зағип жандар арасынан бірқатар әлемге танымал тұлғалар, композиторлар шыққанын білеміз. Жан дүниесіндегі ішкі құбылысын, сезімі мен толқынысын өздерінің дарыны арқылы көрсете білетін ерекше жандарымыздың өнері көпке үлгі болмақ. 

Бүгінгі додада барлығыңызға сәттілік тілеймін, алар асуларыңыз биік болсын! – деді Ә.Жоламанов.

Сайысқа еліміздің Жамбыл, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Абай, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облысы мен Атырау өңірінен барлығы 11 команда қатысып, бақ сынауда.

Соның бірі Түркістан облысынан келген өнер иесі Рүстем Кенжеұлы атыраулықтарға алғысын білдіріп, осы бағыттағы іс-шаралардың маңызын айтып өтті.

- Біз бұл байқауға Түркістан облысынан әр жанр бойынша үш өнерпаз арнайы келіп, қатынасып отырмыз. Мен эстрадалық жанр бойынша Т.Досымов ағамыздың «Сәйгүлік» әнін халыққа тарту еттім. Атырау халқының қонақжайлылығы өте тамаша екен, баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Бұл менің жоғары деңгейдегі байқауға екінші рет қатысуым. Алдағы уақыттарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған осындай конкурстар көптеп ұйымдастырылса екен деймін. Себебі бізге өз өнерімізді шарықтатып, шыңдай түсуімізге, өмірге деген құлшынысымызды арттыруымызға бұл іс-шаралар үлкен серпін береді, - деді Р.Кенжеұлы.

Сайыс шартына сай қатысушылар үш жанр бойынша сайысқа түседі. Олар ақын Фариза Оңғарсынова немесе Жұмекен Нәжімеденовтың шығармаларынан бір поэзия оқиды және жергілікті ақын, сазгер Табылды Досымовтың бір әнін орындайды. Сонымен қатар өнерпаздар домбыраның сүйемелдеуімен дәстүрлі бір ән орындауға міндетті.

Айта кетейік, байқау 17 қараша күні сағат 10.00-де Облыстық халық шығармашылық орталығында қорытындыланып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған өнер иелерін марапаттау рәсімі өтеді

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #республикалық конкурс #мүгедектер
Объявления
live comments feed...