• Главная
  • Атырауда Қ.Сағырбайұлының 200 жылдығына орай өткен республикалық домбырашылар байқауының жеңімпаздары анықталды
12:00, 10 ноября 2023 г.

Атырауда Қ.Сағырбайұлының 200 жылдығына орай өткен республикалық домбырашылар байқауының жеңімпаздары анықталды

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Лауреаттар Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің Қ.Сағырбайұлының шығармашылығына арналған гала-концертінде марапатталды. Мәдени іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев арнайы қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Қаламызда өткен республикалық домбырашылар байқауының дәрежесін арттырып, белсенділік танытып, өнерлеріңізді паш еткендеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін! Биыл Қ.Сағырбайұлының мерейтойына орай еліміздің түкпір-түкпірінде, көршілес шет елдерде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Бұл доданың басты мақсаты да осы. Сондай-ақ атадан балаға мұра болып қалған өнерімізді өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттау. Бүгінгі жеңімпаздарды құттықтаймыз, - деді  Ж.Бисембиев.

Қазылар алқасының төрағасы, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов конкурстың жаңа бағытта, жоғары деңгейде өткеніне тоқталып өтті.

- Конкурстың деңгейі мен талабы өте жоғары. Мұнда жиі орындалып жүрген күйлер емес, керісінше, көп естілмейтін туындылар тарту етілді. Шығармаларға жаңа леп беріп, киелі сахнаға қайта оралуына жол ашты. Біздің күйші бабаларымыздың әртүрлі тақырыпты қамтитын шығармалары өте көп. Солардың барлығын делік жас ұрпаққа дәріптеп, стилі мен орындалу ерекшеліктерін көрсету қажет. Сол себепті осындай іс-шаралар қатары көбейгені дұрыс, - деді А.Жайымов.

Аталған іс-шара барысында ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Астрахань облысы Мәдениет министрлігінің «Құрманғазы атындағы мәдениет орталығы» мемлекеттік автономиялық мәдениет мекемесінің директоры Амангелді Әбілғазиевке облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов «Дауылпаз» төсбелгісін тақты.

Сонымен қатар алматылық қатысушы, бас жүлде иегері Мейірбек Әзімбаев мықтылардың арасынан суырылып шығып, жеңіс тұғырынан көріну оңайға соқпағанын айтты.

- Мұнда белгілі қазақ өнері майталмандарының алдында өнер көрсету оңай болмады. Бұл байқауға қатысып, сахнасында домбырада ойнағанның өзі үлкен мәртебе деп ойлаймын. Конкурс үш кезеңнен тұрып, үш күнге созылды. Әр кезеңнің өзіндік қиындықтары болды. Уайым, қобалжу сынды түрлі сезімдерді бастан кештік. Бүгін қаншама еңбектің нәтижесінде осы доданың бас жүлде иегері атанып, жеңімпаз болдым. Ұйымдастырушылар мен маған қолдау білдірген барлық жанға үлкен алғысымды білдіремін, - деді М.Әзімбаев.

Қазылардың ортақ шешімімен, республикалық домбырашылар конкурсының бас жүлдесі мен лауреат атағы және 1 млн теңге сыйақы Алматы қаласынан қатынасушы Мейірбек Әзімбаевқа табысталды. Ал Атырау қаласының өнерпазы Ақбөкен Темір I орын мен 800 мың теңгені иемденді.

Атырау қаласынан қатысқан Нұрлыбек Нәжекенов пен Атырау облысының тумасы Назерке Базарбаева II орын иегері атанып, 600 мың теңгені қанжығалады. Жүлделі III орын мен 400 мың теңге сыйақы алматылық Ләззат Ақихат пен Нұрай Зинорға бұйырды. Сондай-ақ атыраулық домбырашы Серік Әлібековке III орын мен 400 мың теңге және Құрманғазы оркестрінің арнайы жүлдесі мен ақшалай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар «Құрманғазы атындағы арнайы жүлде» және 200 мың теңге сыйақымен астаналық өнерпаз Қайрат Жұмағалиев пен алматылық Арсен Тұрсын марапатталды. Басқа да конкурс қатысушыларына Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #домбырашылар байқауы #Қ. Сағырбайұлы
Объявления
live comments feed...