• Главная
  • Атыраулық баскетболшылар Түркістан төрінде чемпион атанды
10:00, 3 ноября 2023 г.

Атыраулық баскетболшылар Түркістан төрінде чемпион атанды

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Түркістан қаласында баскетболдан өткен ІІІ желілік спартакиаданың аймақтық кезеңіне қатынасып, жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

ІІІ желілік спартакиада Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 30 қазанда басталып, бүгін өз мәресіне жетті. Додаға Түркістан, Павлодар, Петропавл, Өскемен және Атырау қалаларындағы NIS мектептерінен ұлдар және қыздардан құралған 10 команда қатысты. 

Атырау қаласындағы NIS-тің дене шынықтыру пәні мұғалімі, жаттықтырушы Құралбек Чунышқалиевтің айтуынша, атыраулық ұлдар құрама командасы желілік спартакиаданың аймақтық кезеңінде үш күн бойы айқын басымдылықпен алға шыққан. Сондай-ақ қыздар командасы да бұл жарыста белсенділік танытып, жоғары дәрежеде ойын көрсеткен.

- Желілік спартакиаданы рухани шаһардағы NIS ұжымы жоғары деңгейде өткізді деп айта аламын. Біздің командалар ойында ерекше белсенділік танытып, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл олардың үздіксіз дайындалып, аянбай еткен еңбектерінің арқасында. Ерекше көңілдері мен ыстық ықыластары, қонақжайлылықтары үшін түркістандық әріптестерімізге алғыс білдіреміз, - деді Қ.Чунышқалиев.

Ойын нәтижесінде, ұлдар арасында өткен баскетболдан Атырау NIS құрама командасы I орынды иеленіп, желтоқсан айында өтетін финалдық бәсекеге жолдама алды. Ал жүлделі II орынмен Петропавл қаласының оқушылары марапатталып, Павлодар қаласының командасы III орынды иемденді.

Қыздардан құралған атыраулық командалардың ішінен Баянсұлу Көңілқошқа «Үздік қорғаушы», Гүлнұр Орынғалиқызына «Үздік шабуылшы» атағы табысталды.

Айта кетейік, сонымен қатар жерлестеріміз қазақ руханиятының күретамыры бастау алатын рухани шаһарға сапар жасай отырып, тарихи жәдігерлерге толы «Ұлы дала елі» орталығына, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген  Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, XII ғасырда салынған ортағасырлық діни сәулет кұрылыстарының бірі - «Қылует» жер асты мешітіне, тарихи қаланың өміршеңдігін айқындайтын «Қазақ хандығы» мемориалына экспедиция жасады.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #баскетболшылар #чемпиондар
Объявления
live comments feed...