• Главная
  • С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа есімдермен толығып, зертханалар ашылды
16:00, 26 октября 2023 г.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа есімдермен толығып, зертханалар ашылды

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Республика күні қарсаңында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мұнай-газ саласында еңбек етіп, өшпес мұра қалдырған тұлғаларды ұлықтап, еске алуға арналған іс-шаралар өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Университет базасындағы Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа ескерткіш тақталармен толықты. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Теңіз кенішін алғаш ашушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бөлекбай Сағынғалиевтің, «ҚР жер қойнауын барлау ісінің үздігі», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері», «Құрмет» орденінің иегері, профессор Қосан Тасқынбаевтың және Қазақстан геология мектебінің көрнекті өкілі, мұнайшы Огай Кипонийдің есімдері Даңқ қабырғасынан айрықша орын алды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мұнайшылар мен студент жастар қатысты. М.Мурзиев мұнай-газ саласының маңыздылығын айта отырып, облыс әкімі атынан құттықтау сөз сөйледі. 

-Атырау аймағында  мұнайшылар мен геологтардың қалыптасқан династиясы бар. Ғасырдан астам уақыт бойы атакәсіпке адалдықты сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан мұнайшылар әулеті - біздің мақтанышымыз. Майталман мамандардың еңбегі мен есімін ұлықтап отырған университет бастамасы қолдауға лайықты, – деді М.Мурзиев.

Сонымен қатар университет қабырғасында отандық мұнай өнеркәсібінің негізін қалаушы кәсіпорын - «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы туралы кітап пен профессор Қосан Тасқынбаевқа арналған естелік кітаптың таныстырылымы өтті.

 Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік қолдауымен болашақ инновациялар мен әзірлемелерге арналған заманауи «Өнеркәсіптік энергетика» зертханасы, «БҰҰ-ның АтМГУ-дегі зертханалар акселераторы» ашылды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #Даңқ қабырғасы
Объявления
live comments feed...