10:00, 29 июня 2023 г.

Атырауда Құрбан Айт тойланды

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Бүгін Исатай және Махамбет алаңында мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан Айт тойланып, қала тұрғындары үшін 13 киіз үй тігілді. Атыраулықтарды қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов құттықтады, Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

- Күллі мұсылманның айтулы мерекесі Құрбан Айт құтты болсын! Мейрамға ерекше құрмет көрсетіліп, орталық алаңда тойланып, тұрғындар үшін көптеген шара ұйымдастырылды. Бұл күнде Алладан тілеген дұға-тілектеріңіз, берген садақаларыңыз қабыл болсын! Жаратқан біздің төрде отырған қазыналы қарттарымызға, аға-апаларымыз бен іні-қарындастарымызға берік иман, кіршіксіз таза жүрек, берекелі ризық-несібе берсін! Айттан Айтқа аман жетіп, мерекеміз берекелі болғай,-деді Н.Ермұханов.

Сонымен қатар облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бұл күннің маңыздылығын атап өтті.

- Құрбан Айтта оқыған айт намазымызды, шалған құрбандығымызды, сұраған дұғамызды, қайырымды істерімізді Алла қабыл етсін! Бүгінгі шарамызды сауаптан жазсын! Мұнда келген баршамыздың қадамымызды сауаптан жазып, жастарымыз инабатты, ибалы, тілі мен дәстүрін сүйіп  өскен ұрпақтан болсын. Аллаға сансыз шүкір, еліміз егемендік алғалы имандылық кеңінен етек жайды. Жастарымыз кешегі ұмыт болған дінімізді, дәстүрімізді қайта ұстанып жүр. Бұл да еліміздің кемел келешегі үшін берілген үлкен нығмет,-деді А.Ұтысханұлы.

Алаңға жиналған жұрт бір-бірін Айт мерекесімен жамыраса құттықтап, мешіт жанынан тігілген киіз үйлерден дәм татты. Құрбандық сойылып, қазан асылды. 

Күндердің ең абзалында мәре-сәре болған көңіл-күймен жүрген жұртшылық мейрам құрметіне арнайы ұйымдастырылған спорттық шараларға белсене қатысты. Сондай-ақ балаларға тәтті үлестірілді.

Анықтама үшін: Атырау қаласы бойынша мал сатылып, құрбандық шалуға арналған негізгі орындар: «Адал», «Асыл агро», «Тума базар», «Атырау ет орталығы», «ИП Қуаныш» нүктелері. 

Бұдан бөлек, белгіленген мал сататын орындар: «Көкарна», «Сарықамыс», «Атырау – Доссор» тас жолы.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #Құрбан Айт
Объявления
live comments feed...