Мақатта еркін күрестен республикалық турнир өтуде

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мақат ауданының орталығында жеңіс күні мерекесіне орай және Кеңес Одағының Батыры Мұса Баймұхановты еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанаты Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Сайысты ұйымдастырудың негізгі мақсаты - жастарға отансүйгіштік және патриоттық тәрбие беру. Сонымен қатар еркін күресті олимпиадалық спорт түрі ретінде дамыту және насихаттау.
Аталған додада 2010-2015 жылдары туған жас өрендер 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түспек.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов қатысушыларға сәттілік тілеп, еліміздегі еркін күрестің одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Атырау облысының аудандары мен Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келген балуандар белдесуде.