Атырауда рұқсатсыз салынған үйлер үшін кооператив басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады

фото: Аймақтық байланыс қызметі
Бұл туралы Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жергілікті азаматтар 2019 жылы «Сарайшық инвест групп» компаниясымен келісім шарт жасасқан. Алайда 2021 жылы аяқталуы тиіс тұрғын үй кешені пайдалануға берілмеген. Өйткені құрылыс жұмыстары орта жолда себепсіз тоқтап қалыпты. Осыған орай облыстық прокуратура мамандары «Сарайшық инвест групп» компаниясы мен «Family Park» тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің басшысыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы талап қойды. Себебі компания өкілдері белгіленген нысандарынды салуға құжат та, әкімдіктен рұқсат та алмаған. Қазіргі уақытта «Сарайшық Инвест групп» тұрғын үй кешенін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
-Осыдан екі жыл бұрын Нұрсая шағын ауданында 205 пәтерлі «Байсанат» тұрғын үй құрылыс кешені салынып басталған болатын. Алайда қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 2021 жылғы 13 сәуірде аталған құрылысқа сәулет-жоспарлау тапсырмасы, сондай-ақ эскиздік жобасына келісім берілген. Қалалық прокуратураның ұсынысы негізінде биыл 20 қаңтарда «Байсанат» тұрғын үй құрылыс кооперативі ҚР ӘҚБтК-нің 316 және 463- баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ биыл 20 қаңтарда қалалық прокуратураның ұсынысы негізінде «Қазанат» тұрғын үй-құрылыс кооперативін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы талап қойылды. Алайда жер телімінің иесі заңды түрде бұрынғы меншік иесі болып табылғандықтан, «Қазанат» компаниясы жер телімін өз атына қайта тіркетіп үлгермендіктен жауапкершілікке тарту мүмкін болмады,- деді Е.Қабдинов.
Сонымен қатар оның айтуынша, Нұрсая шағын ауданындағы «Атамекен» тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылы басталып, қазіргі күні кешенінің негізгі құрылысы аяқталған. Аталған құрылыс жұмыстарына қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобасына келісім берілген. Ал, «Самал» шағын ауданында салынып жатқан «Атамекен» немесе «Қазанат» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2020 жылдың наурыз айында басталған. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің тарапынан сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілген. Алайда эскиздік жобасына бүгінгі күнге дейін келісім берілмеген.
Ал облыстық ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Мейірім Ердәулеттің мәліметінше, осыған байланысты қазір облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы «Атамекен тұрғын үй», «Baisanat Residence» және «Saraishyq Invest Group» тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдері материалдық залал келтірілген тұрғын үй-құрылыс кооперативінің барлық мүшелеріне, салымшыларына Атырау қаласы, Азаттық даңғылы №85 мекенжайы бойынша немесе телефон арқылы қылмыстық қудалау органына хабарласуға болатынын жеткізді. Байланыс телефондары: 98-20-66, 98-20-72, 98-20-68, 87751977100, 87023240717, 87783565940.