• Главная
  • Елімізде әкімшілік айыппұл көлемі 30 пайызға азайып отыр - Мәжіліс төрағасы
15:02, 5 января 2018 г.

Елімізде әкімшілік айыппұл көлемі 30 пайызға азайып отыр - Мәжіліс төрағасы

Елімізде әкімшілік айыппұл көлемі 30 пайызға азайып отыр - Мәжіліс төрағасы

Елімізде әкімшілік айыппұл көлемі орташа 30 пайызға азайып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Ақмола өңіріне жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуде Нұрлан Нығматулин заң шығару жұмыстары туралы айтып берді. Оның ішінде респбуликалық бюджет туралы заңнама сөз болды. Осы ретте, Мәжіліс депутаттарының әлеуметтік қажеттілік үшін қосымша 22 миллиард теңге қаржы қарастырып отырғанын атап өтті. Бұл қаржы мектеп, жол құрылысы, мәдениет және спорт нысандарын жөндеуге, сумен қамтамасыз етуге және су жіберу жүйелерін дамытуға бағытталады. Мәжіліс төрағасының сөзінше, ҚР ӘҚбК түзету барысында депутаттар Елбасының әкімшілік жазаны күшейтпей-ақ, қолданыстағы заңнаманың алдын алу әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындады. Осының нәтижесінде әкімшілік айыппұл көлемі орташа 30 пайызға азайды. Ал, ұсақ құқықбұзушылыққа салынатын айыппұл соттық ескертуге алмастырылды. Оған қоса, тұтынушыларды алдау, мүгедектер мен балалардың құқын бұзудағы әкімшілік жауапкершілік сол күйінде қалып отыр. Мәжіліс төрағасы қолдау тапқан заң жобаларының арасында еліміздің жаңа Салық кодексі, «Кедендік реттеу туралы» кодексі, ЕАЭО Кедендік кодексі туралы келісімшарт, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс сияқты өзге де заң жобаларын еске салды. Нұрлан Нығматулин конституциялық реформалармен заңнамалық қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Оның сөзінше, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Конституциялық кеңес қызметі, мемлекеттік нышандар, сот жүйесі мәселелері бойынша заңнамаларды жетілдіру қажет. Мәжіліс спикері еңбек ұжымдарының сауалдарына құлақ түрді. Қойылған сұрақтар негізінен агросекторды дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру, өңірлерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету төңірегінде болды. Осы ретте, Нұрлан Нығматулин халықпен кездесу депутаттар корпусы үшін заң шығару қызметінде маңызды екенін атап өтті. - Ақмола облысы тұрғындары да барлық қазақстандықтар сияқты Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын,сондай-ақ Қазақстанның даму стратегиясын жүзеге асыруға белсенді атсалысатынын сеніммен айта аламын,-деп қорытындылады Нұрлан Нығматулин. Еске сала кетейік, Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс төрағасы Индустрияландыру картасы шеңберінде Көкшетау қаласында іске қосылған «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өңірдегі іргелі кәсіпорын - «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында болып, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру мен минералды су шығару үрдістермен танысты. Сондай-ақ, «Авиценна» емдеу-сауықтыру мекемесінде болып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету  қызметіне көңіл болды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Объявления
live comments feed...