• Главная
  • Атырауда алғаш рет қант таяқша-қораптарының өндіріс цехы іске қосылды
12:00, 11 января

Атырауда алғаш рет қант таяқша-қораптарының өндіріс цехы іске қосылды

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Тек Атырау емес, жалпы Батыс Қазақстан үшін бірегей бизнес-жоба құру идеясын жергілікті кәсіпкерлер қолға алған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Өндірісті ашпас бұрын, "Rauan" ЖК басшысы Рауан Жұмахметов бастаған төрт кәсіпкер бір жыл ішінде нарықты талдап, сұранысты зерттеп, қант таяқшаларын шығаратын шағын цех ашуды жоспарлаған. Бүгінде бұл өнім Атырауға елдің оңтүстік өңірлерінен әкелінеді. Жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге облыстық Кәсіпкерлер палатасы консультациялық қолдау көрсетіп отыр. 

- Таяқша пішінді қорапшадағы қант - бұл барлық тамақтану орындары үшін қажетті өнім. Ол қарапайым ыдыстарға салынған  қанттан көрі гигиеналық жағынан ерекшеленеді. Сондай-ақ мекеме клиенттері үшін өте ыңғайлы болып саналады. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, біз осы өндірісті таңдадық, - деді Р.Жұмахметов.

Оның айтуынша, жас кәсіпкерлер қажетті жабдықты Қытайдан өз қаражаттарына сатып алған. Өткен жылдың ақпан айында іске қосылған өндіріске екі айдан кейін алғашқы тапсырыстар келген. Бүгінгі таңда шағын цехта айына 100 мыңға дейін қант таяқша-қораптары шығарылды. Олардың әрқайсысында 5 грамм қант бар. Қорапқа арналған қағаз Шымкенттен, қант Атыраудан сатып алынады, ал жарнама жасау үшін жергілікті компаниялардың бірімен шарт жасалған. 

- Жергілікті кафелер мен мейрамханалардан басқа, бүгінгі таңда біздің өнімдерге Орал, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері тапсырыс береді. Тапсырыстар негізінен әлеуметтік желілер арқылы келеді. Алдағы уақытта біз бұл өндірісті кеңейтіп, өнімімізді Қашаған және Теңіз кен орындарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер бәрі ойдағыдай болса, қосымша жабдықтар сатып алып, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарда бар, - деді Р.Жұмахметов.

Айта кетейік, бүгінде жарнамасыз бір таяқша-қораптың құны 7 теңге, жарнамамен 8 теңгені құрайды. Қайта тапсырыс беру кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Ең аз тапсырыс - 2000 дана. Атырау қаласы бойынша жеткізу тегін, ал қалған өңірлерге 20 мың данадан бастап тегін жеткізу қызметі көрсетіледі.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #қант таяқшалары
Объявления
live comments feed...