• Главная
  • Құрманғазыда қарымды қаламгер Рахмет Иманғалиевке арналған ескерткіш тақта ашылды
10:00, 13 декабря 2023 г.

Құрманғазыда қарымды қаламгер Рахмет Иманғалиевке арналған ескерткіш тақта ашылды

фото: Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

фото: Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Құрманғазы ауданында танымал қаламгер, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, КСРО және Қазақстан Журналистер Одақтарының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Рахмет Иманғалиевке арналып, Б.Ахметқалиев көшесінің өзі тұрған үйінен ескерткіш тақта ашылды. Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Atyraý» газетінің 100 жылдығы аясында газет редакциясының ұсынысымен ұйымдастырылып отырған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Атырау, көршілес Исатай ауданынан келген қаламгердің байырғы ұжымдастары, журналистика ардагерлері сөз алып, Р.Иманғалиевтің қаламгерлік қарымына, қадір-қасиетіне тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрлан Қабылов пен «Atyraý» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі  Назарбек Қосшиев те бар.  

- Қай өңір болса да, өз өлкесінің тұлғаларын құрметтеп, оның ұлық болмысын халқына үлгі етері хақ. Осы тұрғыда Құрманғазы мен Исатай өңірі ерекше қадір тұтар тұлғалардың бірі – Рахмет ағамыз. Журналистикада  өзіндік орны бар ағамыз туған жердің тарихын зерделеп, зерттеумен де өлкеге танылған.

Тақтаны ашудағы мақсат  – қаламгердің  қоғам үшін жасаған еңбегін жас буынға үлгі ету, шығармашылығын насихаттау. 

Рахмет ағамыздың шоқтығы биік туындылары мен құрметті есімі көптің жүрегінде сақталады,- деді аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов. 

Р.Иманғалиев журналистикамен қатар, тарихшы, өлкетанушы да болған. Ол туған жердің тарихын зерделеп, жер-су аттарының қалай шыққанын іздеумен айналысқан. Облыстық «Атырау» газетінің меншікті тілшісі болып, Еділ мен Жайықтың арасын 40 жылға жуық уақыт шарлаған, отызға жуық кітаптың, драмалық шығармалардың авторы.  

Бүгінде Рахмет Иманғалиевтен өрбіген 11 ұл-қызынан тараған 14 немере, 18 жиен, 45 жиеншары үлкен әулет болып отыр.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #Құрманғазы ауданы #Рахмет Иманғалиев
Объявления
live comments feed...