• Главная
  • Атырауда сазгер Әбдіғапар Темірхановтың «Сағызым-сазым» атты шығармашылық кеші өтті
12:00, 11 декабря 2023 г.

Атырауда сазгер Әбдіғапар Темірхановтың «Сағызым-сазым» атты шығармашылық кеші өтті

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Облыстық халық шығармашылық орталығында ҚР Мәдениет саласының үздігі, сазгер Әбдіғапар Темірхановтың «Сағызым-сазым» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Кештің мақсаты - облысымызға танымал, жергілікті сазгер Әбдіғапар Темірхановтың сазды әуендерін кеңінен насихаттау. Бүгінде жерлесіміздің әніне жазылған «Туған жер», «Перзент үні», «Ата-ана парызы», «Анашым - арман әнім», «Сүйемін сені» әндері халық арасында кеңінен таралған. Қазіргі таңда сазгердің 50-ге тарта әндері мен музыкалық шығармалары бар.

Іс-шараға Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев және Атырау облыстық мәдениет және тілдер дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева қатысып, кеш авторын құттықтады.

- Атырау өңірі өнерге де, өнер адамдарына да бай. Соның бір дәлелі - бүгінгі өнер кеші. Облыс басшысы атынан Әбдіғапар Темірхановты өнер кешімен құттықтаймын! Әрине, Атырау өңірі мәдениет, өнер саласында қызмет етіп келе жатқан әрбір өнерпазды қолдауға, ардақтауға әрқашан дайын. Соның ішінде өзіміздің ауылымыздан шыққан таланттың алдында әрқашан басымызды иеміз, - деді Ә.Қыстаубаева.

Кеште сазгердің ұлы Әлібек Темірханов «Ата-ана парызы» әнін орындаса, Орынбасар Жұмаханов автордың «Перзент үні» әнін шырқады. Сондай-ақ Алматы қаласынан арнайы келген әнші ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амангүл Орынбасарқызы «Балалық шақ» әнін, «Наурыз» тобының мүшесі Амантай Қабыдғалиев «Ағалар» әнін, ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Жәнібек Жәмиев «Көңіл сазын» орындады. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер, әнші Қалидолла Ізекенов «Ұстаздарға», «Туған күн» әндерін тарту етсе, жергілікті айтыскер ақын Сырымбек Сәрсембаевтың сөзіне жазылған «Ғашықтық сезім» әнін Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің ән-хор бөлімінің ұстаздары ұсынды. Оған қоса кеште «Ән әуен», «Сүюді бақыт дейтіннің бәрі...», «Сағыз аруы», «Қызылқоға құт мекен», «Сағызым - сазым» әндері шырқалды.  

Айта кетейік, Әбдіғапар Темірханов Атырау облысының, Қызылкоға ауданы, Мұқыр селосында дүниеге келген. 1987 жылы Гурьев музыка училищесінің баян сыныбына оқуға түсіп, ұстазы Сәтім Әжікеновтен тәлім алып, 1991 жылы тәмамдап шығады. Сол жылы Сағыз ауылына СПТУ - 112 училищесіне кызметке орналасады. 1993 жылы ауылдың өнерлі жігіттерінің басын қосып, «Наурыз» тобын құрады. Өз репертуарларының жиынтығын 1995 жылы «Биіктік» атты алғашқы үнтаспалары арқылы тыңдарманға ұсынды. Кейіннен жергілікті ақындардың өлеңдеріне арнап өз әндерін жаза бастаған сазгер, шығармашылығының ауқымын одан әрі кеңейте түсті.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #шығармашылық кеш #композитор Әбдіғапар Темірханов
Объявления
live comments feed...