• Главная
  • Жаңаталап ауылынан қаламгер Нұриден Мұфтаховтың атына көше берілді
12:00, 7 декабря 2023 г.

Жаңаталап ауылынан қаламгер Нұриден Мұфтаховтың атына көше берілді

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Бүгін Облыстық ономастика комиссиясының 22 маусымдағы қорытындысы негізінде Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылынан көрнекті қаламгер Нұриден Мұфтаховтың атына көше берілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстық «Атырау» газетінің ғасырлық тойы аясында өткізілген салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында көше атауы берілгенін айтып өтті.

- Бүгін қаламыздың көптеген ардақты азаматтары арнайы қатысуымен Жаңаталап ауылының тұрғындарымен бірге атақты фельетоншы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі болған, облыстық «Атырау», республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы қызметкері Н.Мұфтахов ағамыздың есімін ұлықтау мақсатымен бүгін осы көше ашылып отыр. Бұл Жаңаталап ауылымыздың гүлденіп, көркейіп келе жатырғанының бір дәлелі. Жалпы атамыздың еңбегін ескеріп, өзінің дархан мінезі, кең жүрегімен, батыл мінезімен көптеген азаматтарға қолдауын көрсетіп, қоғамға адал қызмет еткен үлгісін ұрпақтарға дәріптемекпіз. Сондай-ақ олардың тарихи тұлғаларымызға қарап бой түзеп, есімдерін ұмыт қалдырмасын деген ниетпен осы іс-шара жүзеге асырылуда. Біз бұл көшенің жағдайына әрдайым көңіл бөлеміз және тұрғындарды да көшені таза ұстауға шақырамыз, - деді Н.Ермұханов.

Сондай-ақ Н.Мұфтаховтың інісі Амангелді Қуаналиев ағасы туралы естеліктермен бөлісті.

- Қазақстанға белгілі журналист, қаламгер Н.Мұфтах ағамыздың өмірден өткеніне бүгінде 20 жылдан астам уақыт болды. Ол Нарын құмы Манаш топырағында дүниеге келген белгілі азаматтардың бірі. Нұриден Мұфтах облыстық «Комунистік Еңбек» газетінде, републикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп, елімізге белгілі журналист болған азамат. Нұриден ағамыз өте шыншыл, турашыл кісі болған. Бүгін осы ағамыздың атына көше беріліп жатыр. Бұл ұрпақтарының ол кісіге деген ерекше құрметінің белгісі деп білеміз және үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді А.Қуаналиев.

Сонымен қатар іс-шара барысында қарымды қаламгер, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сөз сөйлеп, Н.Мұфтаховтың өмір жолына тоқталып өтті.

Сондай-ақ облыстық Ардагерлер кеңесінің шешімімен Нұриден Мұфтаховтың атына «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» медалі беріліп, қаламгердің жанұясына табысталды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #Жаңаталап #жазушы #Нұриден Мүфтахов
Объявления
live comments feed...