• Главная
  • Биыл қала аумағында тіркелген өрт оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға төмендеген
10:00, 7 декабря 2023 г.

Биыл қала аумағында тіркелген өрт оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға төмендеген

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша қала аумағында 136 өрт оқиғасы тіркелді. Ол өткен жылмен салыстырғанда 28 өрт оқиғасына азайып немесе 17%-ға төмендеп отыр. Бұл туралы Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өкінішке орай аталған өрттен 4 адам қаза болып, 1 адам зардап шексе, көмірқышқыл газымен улану жағдайы бойынша 2 адам қаза болды. 

Өрт шығуының басты себебі - электр аспаптарын монтаждау және техникалық пайдалану ережесінің бұзылуынан болып отыр. Сонымен қатар отты абайсыз қолдану мен пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауынан туындаған. Сондай-ақ аталған өрттің 60%-ы тұрғын үй секторында тіркелген.

Төтеншеліктердің айтуынша, жыл сайын 15 тамыздан бастап жылыту маусымына дайындық іс-шаралары өткізілуде. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топ қатарына жатқызылған азаматтарға көбірек көңіл бөлінеді. 

- Биыл қала бойынша 399 осал топқа жататын тұрғындардың үйлері есепке алынды. Оларға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аталған тұрғын үйлерге жергілікті атқарушы органдар, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қызметкерлері мен еріктілер бірігіп, рейдтік іс-шаралар өткізіп, 50 түтін датчигін қондырды. Сондай-ақ 15 тамыздан бастап облыс тұрғындарына 112 нөмірі арқылы «Газ тұтынушы түтін мұржаларын тексеріңіз және оның жарамдылығын бақылаңыз. Сіздің өміріңіз өз қолыңызда» мәтінінде айына екі рет СМС хабарлама жіберілді. 2023-2024 жж. жылыту маусымы кезеңі аяқталғанша осы бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады, - деді Ғ.Бабаев.

Брифинг соңында ол, облыс тұрғындары мен қонақтарына күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертіп, өрт оқиғалары немесе төтенше жағдай болған кезде дереу «101», «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар Жедел құтқару жасағы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрқуат Каракулов қазіргі уақытта су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұз қату кезеңінде судағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

- Атырау облысы су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін жедел-құтқару жасағының 35 сүңгуір құрал-жабдығы, 20 автокөлік, 6 үрмелі қайық және 3 құтқару тақтайшасы қарастырылған. Аталған техникалар мен құрал-жабдықтар мұз тұру кезеңіне толықтай дайын. Балалар басты назарда болғандықтан, құтқарушылар мұз қату кезеңіне дайындықты бастап кетті. Қазіргі таңда қала аумағындағы жалпы білім беретін орта мектептерде мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары туралы 69 мектепте, «Сармат» мамандандырылған мектебінде сабақтар өткізілді. Балаларға тұрақты аяз түскенге дейін мұз беті әлсіз болатындығы туралы айтылды. Сонымен қатар балық аулаушылармен мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жұмыстары өткізілу үстінде, - деді ол.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #өрт
Объявления
live comments feed...