• Главная
  • Атыраулық 22 жасар Әлішер Бектілеу еліміздегі алғашқы симулятор мамандардың бірі
14:00, 28 ноября 2023 г.

Атыраулық 22 жасар Әлішер Бектілеу еліміздегі алғашқы симулятор мамандардың бірі

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Жерлесіміз Әлішер Бектілеу бүгінде Астана қаласындағы «Air Astana» компаниясының «симулятор инженері» мамандығында қызмет етіп, елімізде авиацияның дамуына өз үлесін қосуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Симулятор - шын өмірдегі қандай да бір құрал немесе техниканы, технологияны дәлме-дәл тек виртуал деңгейде қайталайтын жабдық. Көбінесе қайталанатын құралдар қымбат немесе өте сирек жасалатын заттар болып келеді. Айталық зымырандар, ұшақтар, су асты кемелері, хирургиялық жабдықтар. 

Жас маманның айтуынша, елімізде симулятор мамандығы алғаш рет осы жылдың қыркүйек айында ашылған. Онда ұшқыштарға арнайы дайындалған симулятор кабиналарда ұшу барысындағы апаттық жағдайлар көрсетіліп, мәселені шешу жолдары үйретіледі. Шарттар мен жағдайлар компьютерлік бағдарламалар арқылы беріліп отырады.

- Жалпы менің отбасымда барлығы мұнай саласында жасағандықтан, алғашында менің ойымда «мұнай саласында жасауым керек» деген шектеу болды. Дегенмен, мектеп кезінен физика, информатика пәндеріне, жалпы инженерлік салаға қатты қызықтым. Сол себепті үнемі әлеуметтік желі арқылы жаңа мүмкіндіктер іздеп отыратынмын. Бір күні «Air Astana» компаниясының «Симулятор инженері» мамандығына кезіктім. Бұл сала мен үшін мүлдем жаңа болды. Қызығушылық танытып, зерттей келе симулятор елімізде алғаш рет ашылғалы тұрғанын білдім. Осылайша сәуір айынан бастап Англия оқытушыларынан білім алып, сертификат иеленіп, қыркүйек айынан бастап алғашқы мамандардың бірі болып жұмыс жасаудамыз. Бүгінде күн сайын кем дегенде 15 ұшқыш білімін шыңдап жатыр. Мен инженер ретінде осы мемлекеттік маңызы зор құрылғыны электрика, механика және ақпараттық технологиялар жағынан қадағалап, үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етемін, - деді Ә.Бектілеу.

Сонымен қатар ол, еліміздің барлық ұшқыштары білім алып, өздерінің  қабілеттерін шыңдауда, әртүрлі апаттық жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйренуде ең қажет құрылғы екенін айтып өтті.

-Бұрын елімізде бұл мамандық болмағандықтан, мамандар Түркия, Испания секілді мемлекеттерге барып, олардың симуляторларында ақылы түрде оқыған болатын. Ал қазіргі таңда ұшқыштарымызды өз елімізден оқыта алатынымыз үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта осы сала бойынша мақсатым өте көп. Соның бірі, әлемнің үздік симуляторларында жұмыс жасап, білімімді шыңдап, кейін еліміздің авиациясының үздік, қолайлы, әрі қауіпсіз болуына өзімнің ықпалымды тигізгім келеді, - деді ол.

Айта кетейік, Әлішер Бектілеу 2001 жылы Жылыой ауданы, Құлсары қаласын дүниеге келген. Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алған. 2019 жылы аталған мектепті үздік бітіріп, Астана қаласындағы Astana IT университетінде «Өндірістік автоматика» мамандығына оқыған. Ол бұған дейін IT саласында жобалық менеджер және мұнай-газ саласында метролог болып қызмет атқарған.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #тренажер маманы
Объявления
live comments feed...