• Главная
  • Атырауда ЖИТС-пен күрестің бүкіләлемдік күніне арналған онкүндік басталды
18:00, 22 ноября 2023 г.

Атырауда ЖИТС-пен күрестің бүкіләлемдік күніне арналған онкүндік басталды

фото: Аймақтық байланыс қызметі

фото: Аймақтық байланыс қызметі

Елімізде 20 қарашадан 1 желтоқсанға дейін «Көшбасшылық – қауымдастықтарға» деген ұранмен АИТВ (ВИЧ) инфекциясына қарсы іс-шаралардың онкүндігі өтуде. Бұған үкіметтік емес ұйымдар, жастар, халықтың түйінді топтарын қатыстыру жоспарланған болатын. Осы орайда Атырау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мамандары жыл сайынғы үрдіспен биыл да қаладағы бірнеше оқу орындарының студенттері арасында түрлі іс-шараларды өткізуді бастады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мамандар қоғамдастық өкілдері ЖИТС-ке қарсы күреске белсене атсалысса, індетті жеңуге болатынын айтуда. Қазір Атырау облысында осы бағытта бір үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс жасап отыр. Болашақта қоғамдық ұйымдардың санын арттыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. 

- Өңірде АИТВ инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелген 1993 жылдан  бүгінге дейін 503 адамда аталған ауру анықталып, қазіргі уақытта 330 адам диспансерлік есепте тұр. Көбінесе бұл дертке 20-49 жас аралығындағы жандар шалдығады. Біздің негізгі мақсатымыз – халық арасында инфекцияның алдын алу шараларын ұйымдастыру. Организмде иммунитет тапшылығын тудыратын бұл індеттің алдын алу – кешенді шараларды жүргізуді талап етеді. Осы орайда орталық жергілікті атқару органдарымен, денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты басқармаларымен, басқа да салалармен және қоғамдық ұйымдармен бірге жоспарлар жасақтап, орындалуын қамтамасыз етіп отыр, - деді Атырау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Әсем Серікбаева.

Сондай-ақ оның айтуынша, Ішкі істер, Қорғаныс министрлігі, Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде АИТВ-ның алдын алу шаралары ұйымдастырылып, жеке құрам мен медицина қызметкерлерінің, жазасын өтеушілердің арасында семинарлар, тренингтер, т.б. іс-шаралар жүргізіліп отыр. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды қамту үшін орталықта «Достастық» кабинеті мен «Сенім» бекеттері жұмыс жасауда. Бұл кабинеттердің медицина қызметкерлері рейдтерге шығып, түсінік жұмысын атқарады. Халыққа, бизнес-құрылымдарға АИТВ/ЖИТС-тің таралу және алдын алу жолдары туралы ақпарат беріліп, түрлі сала мамандары, жалпы орта білім беретін мектептер мен арнайы орта және жоғары оқу орындарының мұғалімдері, оқушылары және студенттері оқытылады.  

Айта кетейік, жыл басынан бері аталған ауруды алдын алу үшін 517 іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар мамандар елімізде  аталған  індеттің  алдын алу  үшін  қызметкерлер, дәрі-дәрмектер, құрал-жабдықтар жеткілікті екенін айтуда.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #ЖИТС-пен күрес күні
Объявления
live comments feed...