• Главная
  • Аймақ басшысы 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келген отбасыны құттықтады
20:00, 17 ноября 2023 г.

Аймақ басшысы 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келген отбасыны құттықтады

фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі.

фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғын Атырау қаласында өмірге келді. Жұмағазиевтер отбасының тұңғыш сәбиінің есімі - Мухаммад. Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, ақжолтай жаңалықпен құттықтап, сәбидің туу туралы куәлігін ата-анасына табыс етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

- Алты алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаңа ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатқанында еш дау жоқ. Мемлекеттік отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл сүйіншілететін ақжолтай хабар! Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл сүйіншілететін ақжолтай хабар! «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі,-деді С.Шәпкенов.

Шарада «Отбасы банк» АҚ облыстық филиал басшысы Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгелік сертификат табыс етті. Бұл сомманы баланың болашақтағы қажеттіліктері үшін банк депозитіне салып, Мухаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.

Мухаммад Қосай 14 қарашада дүниеге келді. Бойы  - 54 см, салмағы  - 3 660 грамм. Әкесі Берік Жұмағазиев, анасы Айдана Оразымбетова. Тарихи сәтте қуанышын жасыра алмаған әкесі Берік Жұмағазиев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

- Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы  өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп  ойладым.  Кейін дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет етер перзенттен болса екен деген тілегім бар,-деді Берік Жұмағазиев.

Жалпы Атырау облысында жыл басынан бері 14 мыңға жуық сәби дүниеге келді.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #Қазақстанның 20 миллион тұрғыны
Объявления
live comments feed...