• Главная
  • Биыл Атырау облысында мал ұрлығының 24 дерегі тіркелді
10:00, 17 ноября 2023 г.

Биыл Атырау облысында мал ұрлығының 24 дерегі тіркелді

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Жыл басынан бері облыс аумағында 24 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, оның 12-сі ашылды. Ашылған 12 қылмысқа қатысты 9 күдікті тұлға уақытша ұстау абақтысына қамалып, қылмыстық істері айыптау актісімен сотқа жолданды. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Абай Жұмабаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

- Қазіргі таңда жалпы ұрлық қылмысының ішінде – мал ұрлығы қылмысы ауылдық жерлердегі негізгі өзекті мәселелердің бірі. 2021 жылдың басында жалпы ұрлық қылмыстарының алдын алу мақсатында облыс аумағындағы криминогендік жағдай мен өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар» жоспары жасақталды. Бұл жоспар департамент бастығымен бекітіліп, облыс әкімімен келісілген болатын, - деді А.Жұмабаев. 

Бекітілген бағдарлама жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мал ұрлығының профилактикасына және ашуға бағытталған бірқатар шаралар қабылданған. Осыған байланысты мал ұрлығына қарсы бірлескен іс-қимыл шараларын талқылау бойынша ветеринария өкілдерінің қатысуымен өткізген жұмыс кездесуінде меморандум жасақталған.   

- Осы меморандумға сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылып, олармен облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарларына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша барлығы – 1 млн 114 мың 375 бас мал тіркелген. Оның ішінде ірі қара малы – 252 мың 895,  қой-ешкі – 689 мың 623, жылқы – 130 мың 357, түйе – 41 мың 500-ді құрап отыр, - деді маман.

Оның айтуынша, облыс аумағында тиісті құжаттарсыз тасымалданатын малдарды уақытша ұстауға арналған 9 арнайы қоршау ашылған. Биыл ауыл шаруашылық басқармасымен бірлесіп, облыстық тасжолдарда мал тасымалдайтын автокөліктер тексерілген. Нәтижесінде тиісті құжаттарсыз тасымалданған 651 мал басы арнайы қоршауларға қамалып, оларды заңсыз тасымалдаған 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. 

- Бұрын мал ұрлықтарына қарсы іс-қимыл мәселелерінде оларды жасаған кінәлі адамдарды қатаң жауапкершілікке тарту тетігінің болмауы теріс әсерін тигізген еді. Яғни, қылмыстық іс күдікті тұлға мен жәбірленушінің татуласуына байланысты өндіріспен қысқартылып, сотқа жолданбайтын. Аталған мәселені шешу мақсатында ҚР ІІМ-мен мал ұрлығы қылмысын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату бойынша Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсыныс енгізілген болатын. Нәтижесінде ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар жасалып, мал ұрлығының жеке нормасы енгізілді. Онда мал ұрлығын жасағаны үшін кінәлі тұлғаны 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделді. Бұл өзгеріс 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап заңды күшіне еніп, қолданысқа енгізілді, - деді А.Жұмабаев.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #мал ұрлығы
Объявления
live comments feed...