• Главная
  • Атырауда Шахман Нағымұлының «Мұрат ақын мұрасы» атты кітабының тұсаукесері өтті
10:00, 13 ноября 2023 г.

Атырауда Шахман Нағымұлының «Мұрат ақын мұрасы» атты кітабының тұсаукесері өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ақын-жырау Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл толуына орай ғылыми семинар өтті. Семинар барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры Шахман Нағымұлының «Мұрат ақын мұрасы» кітабының тұсау кесу рәсімі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Мәдени іс-шараға Zoom платформасы арқылы ұлы ақынның кітабын шығаруға демеушілік көмек көрсеткен қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

- Бүгінде М.Мөңкеұлы шығармалары халық аузынан ғылым академиясының қолжазба қорынан жинақталып, халыққа танылуына көптеген ғалымдар үлес қосуда. Соның ішінде, университеттің тарихшы ғалымдары тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерделеу, көпшіліктің игіліне айналдыру бағытында бірқатар зерттеу жұмыстары табысты жүргізілуде. Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің өткенін зерттеу уақыт талабы. Атыраудың ғана емес, алты Алаштың ардағына айналған Мұрат ақынның мұрасы біздің сарқылмайтын қазынамыз. Осы ретте бүгін тұсауы кесілгелі отырған Ш.Нағымұлының «Мұрат ақын мұрасы» атты еңбегі өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуда зор маңызға ие. Ақынның азаттық идеясы мен ұлттық рухқа толы шығармашылығы әр қазақ баласының жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі ғылыми семинардың тарих үшін маңызы жоғары, - деді Ә.Жұбанов.

Мұрат ақынның мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов және онлайн форматта өлкетанушы, профессор, «Парасат» орденінің иегері Ғарифолла Әнес және басқа да белгілі тұлғалар арнайы қатысып, құттықтау тілектері мен ақын туралы естеліктерді және өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Сондай-ақ жырауды зерттеп жүрген өлкетанушылар, ғылыми кеңес мүшелері мен белгілі тұлғалар семинар төрінен орын алды. 

Ғылыми семинар барысында Ш.Нағымұлының «Мұрат ақын мұрасы» атты кітабының тұсауын Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов пен мемлекет және қоғам қайраткері Мәдина Ғабдісәлімова кесіп, оқырмандарға тарту етті.

Сонымен қатар, жиында тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин, өлкетанушы, ардагер журналист Төлеген Жаңабай және журналист, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология мамандығының 1-курс магистранты Құралай Қуатова жаңа кітапты зерттей отырып, өз пікірлерін білдіру мақсатында баяндамалар жасады.

Айта кетейік, аталған кітап 8 бөлімнен тұрады. Онда М.Мөңкеұлының шығармашылығы туралы зерттеулер; тарихи және этнографиялық деректер; ақынның толғаулары; М.Мөңкеұлының айтыстары; Мұрат шығармаларындағы тарихи тұлғалардың тізімі; ақын шығармаларындағы тарихи тұлғалар туралы мәліметтер; М.Мөңкеұлы жырларындағы жер-су аттары; киіпкердің бұрын жарық көрмеген өлеңдері мен хикаялары қамтылған.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #кітаптар #Шахман Нағымұлы
Объявления
live comments feed...