• Главная
  • Атырауда VI Халықаралық дәстүрлі «Алтын домбыра» күй байқауы басталды
10:00, 28 сентября 2023 г.

Атырауда VI Халықаралық дәстүрлі «Алтын домбыра» күй байқауы басталды

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен VI Халықаралық дәстүрлі «Алтын домбыра» күй байқауының I-кезеңі басталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жеке домбырашылар және үш ішекті халық аспаптарында орындаушылар арасында өткізіліп отырған байқау ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау қаласының және Исатай, Құрманғазы аудандарының «Құрметті азаматы» Әзидолла Есқалиевтің 90 жылдығына арналған. Мәдени іс-шараны облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ашып, күй өнерінің құндылығына тоқталды және қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Қазақ мәдениеті ішінде ең озық үлгі - күй өнері десек, осы өнердің отаны Атырау өңірі деп білеміз. Осы жерде Құрманғазы дүниеге келген, ол бастаған ұлы өнер көші керуенін қазіргі таланттарымыз жалғастырып келе жатыр. Ат терлетіп алыстан келген қонақтарымыздың осы жерде тұрғанының өзі қамал секілді, қазақ рухының көрінісі іспеттес. Баршаңызға қош келдіңіздер дей отырып, облыс әкімі С.Шәпкеновтің атынан күй мерекесімен құттықтаймын! «Кіл мықтыда кім мықты?» дегендей, бүгінгі сайысқа қатысушылар арасында жеңу де болады, жеңіліс те болады. Дегенмен, ең басты мақсат - қазақтың осы ұлы өнерін насихаттау. Сіздер осы жерге келу арқылы да қазақтың руханияты мен мәдениеті үшін үлкен үлес қостыңыздар. Сәттілік тілейміз! – деді Ә.Жоламанов.

Іс-шара ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттай отырып, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу және аса дарынды домбырашы Ә.Есқалиевтің ерен еңбегін паш ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ байқау арқылы жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу, дүниежүзіне қазақтың көне өнерін таныту мақсаты да көзделген.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Есқалиевтің қызы Алма Андарбаева бүгінгі күй додасының негізгі мақсатына тоқатала отырып, сайыс барысын атап өтті. 

- VI Халықаралық Ә.Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» атты конкурс аты айтып тұрғандай алтыншы рет өткізіліп жатыр. Алғаш рет 2009 жылы өткізілген жарыстың негізгі шарты бойынша бұл 2-3 жылда бір рет өткізіледі. Себебі, жастар сағынышпен келіп және өздерінің деңгейін көтеріп, шыңдалулары керек. Бұл дәстүрлі іс-шараға Қазақстанның дарынды әртістері Е.Рахмадиев, Қ.Ахмедияров сынды белгілі адамдар қатысқан. Конкурс осы күнге дейін жалғасын табуда. Басты мақсаты жастарды қазақ домбырасына үйрету, шеберлігін жоғары дәрежеге көтеруге дағдылау және басқа елдерге насихаттау. Сайысқа түрлі облыстардан және басқа да елдерден үміткерлер қатысуда. Менің әкем Ә.Есқалиев Құрманғазының күйлерін насихаттаушы және шебер орындаушы болды. Сол себепті жан-жақтан келген қатысушыларға Құрманғазыны терең таныту үшін жастарымызды конкурс аясында Құрманғазы бабамыздың жеріне алып барып, сол кісіге тағзым ету жұмыстары жүргізіледі, - деді А.Андарбаева.

Сонымен қатар бүгін шараға қазақ өнерін дүниежүзіне танытып жүрген қазақ өнерпаздары және Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан мен Ұлыбританиядан үміткерлер қатысуда. Соның бірі Алматы қаласынан келген қатысушы Нұрәли Саятұлының әкесі Саят Қырғызбайұлы осы жарыс туралы өз дайындықтарымен бөлісті.

- Бүгін күй додасына, күйдің отаны Атырау қаласына Алматыдан келіп отырмыз. Менің балам Нұрәли Саятұлын А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінен алып келдім. Өйткені, мені бүгінгі конкурс өте қатты қызықтырды. Себебі, Құрманғазы бабамыз, Дина анамыз, Дәулеткерей сынды бабаларымыздың күй отаны осы өңір. Сонымен қатар Қазақстан халық әртісі, дарабоз күйші Қ.Ахмедияров, Рысбай Ғабдиев және бүгін мерейтойы өтіп жатырған Ә.Есқалиев ағаларымыздың кіндік қаны тамған жерлеріне келгенімізге біз өте қуаныштымыз. Балам осы ағаларымыз секілді дарабоз күйші болып, елге қызмет қылсын деген үмітім бар. Өте жоғары дайындықпен келдік, бірақ ең мықтыны сахна көрсетеді. Қатысушыларға сәттілік тілеймін. Атыраудың аспанында қазақтың, Құрманғазының күйлері ойнай берсін!,- деді С.Қырғызбайұлы.

Айта кетейік, сайыс шарты бойынша қатысушылар ұсынылған шығармалардың біреуін билет суыру арқылы таңдайды және қазіргі заман композиторларынан өз таңдауы бойынша бір күй орындап беруге міндетті. Күй жарысының қорытынды кезеңі 27-қыркүйек күні облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығында өтеді. Іс-шара соңы гала-концертке жалғасатын болады.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #"Алтын домбыра"
Объявления
live comments feed...