• Главная
  • Аймақ басшысы Белградта өткен еркін күрестен Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханмен кездесті
10:00, 26 сентября 2023 г.

Аймақ басшысы Белградта өткен еркін күрестен Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханмен кездесті

фото: Аймақтық байланыс қызметі

фото: Аймақтық байланыс қызметі

Кездесуге басқарма басшылары, спортшының әкесі мен жаттықтырушылары қатысты, Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Қазақстанның еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионын жеңісімен құттықтап, олимпиада шыңын бағындыруға тілек білдірді. 

- Сіздің алған белесіңіз еліміз үшін үлкен мақтаныш. Еліміздің мерейін асырып, көк туын көкте желбіретіп, қайсар мінезіңіз бен тынымсыз еңбегіңіздің арқасында осындай белесті бағындырдыңыз. Жастарға үлгі болып, оларға мотиватор атандыңыз. Тарихқа тұңғыш жас чемпион деген атыңыз жазылды. Шын жүректен жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл тек сіздің ғана емес, күллі республиканың жеңісі. Алғашқы бапкеріңіз - әкеңіздің, сізге сенген қазақ елінің үмітін ақтап, осындай зор марапатқа ие болдыңыз.Әрқашан деніңіз сау болып, алар асуыңыз тоқтамасын,-деді С.Шәпкенов.

Өз кезегінде Ризабек Айтмұхан Әлем чемпионатында өткен күндері мен финалдағы қиындықтар туралы айтып өтті. 

- Ақтық жарыс қиын өтті. Алайда маған елімнің сенімін ақтау маңызды болды. Финалда әзірбайжандық палуан Осман Нурмагомедовпен кездестім. Оның күрестегі техникасын зерттеп, көп іздендім. Кейін боз кілемде өзімнің тактикаларымды пайдаланып, алтын медаль иеленіп, жеңіске жеттім,-деді Р.Айтмұхан.

Жиында бұқаралық спортты дамыту, жергілікті спортшыларды қолдау, ауылдарда спорт кешенін көптеп салу мәселелері талқыланды. 

Сонымен қатар жиында облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Арман Тоғаев облыста дене шынықтыру және спорт басқармасымен біріккен түрде еркін күрес академиясын ашып, оған Ризабек Айтмұханның атын беру жоспарда бар екенін жеткізді.

Анықтама үшін: Ризабек Айтмұхан 18 қыркүйекте Сербияның астанасы  Белград қаласында өткен еркін күрестен әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алды. 

Алғашқы айналымда Мажарстан балуанын 13:3 есебімен ұтса, екінші кезеңде 2023 жылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Файзолла Актүрікті 11:0 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда қазақ балуаны грузиялық қарсыласын жеңіп, өз мансабында алғаш рет ересектер арасындағы әлем біріншілігінің финалына шықты. Финалда Ризабек әзірбайжандық Осман Нурмогамедовпен белдесіп, жеңімпаз атанды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #Ризабек Айтмұхан #еркін күрес
Объявления
live comments feed...