• Главная
  • Жылыойлықтар биыл төртінші жыл өз елді мекендерін көркейтуде
18:00, 18 сентября 2023 г.

Жылыойлықтар биыл төртінші жыл өз елді мекендерін көркейтуде

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі

Qogamdyq Kenistikter жобасы аясында Жылыой ауданында ойын және спорт алаңдары ашылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Жергілікті тұрғындардың бірлескен күш-жігері мен ұтқыр әрекеттері 5 ойын алаңын, бір футбол алаңын және трибуна, спорт алаңы мен ардагерлер монументін ашуды қамтитын бірнеше жобаны табысты іске асыруға әкелді. Жобалар Құлсары қаласы, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарында жүзеге асырылды.

Құлсары қаласы 6-шы ауыл маңында бұрын ойын алаңы болмаған. Тұрғындар балаларын ойнату үшін қалаға ойын-сауық орталықтарына немесе жақын маңдағы ойын алаңдарына апарып жүрген. Биылғы Qogamdyq kenistikter бағдарламасы аясында көптен күткен ойын алаңдарының ашылғанына ауыл тұрғындары дән риза. 

-Осындай әдемі ойын алаңын бұрын көрген емеспін. Көшеде, жолда үстіміз топырақ болып ойнап жүретін едік. Ал қазір аға-апаларымыз бізге осындай ойын алаңын салып берді. Біз мұнда достарымызбен, іні-қарындастарымызбен келіп ойнаймыз,- деді кішкентай ауыл тұрғыны Кенжебек Алпысбай.  

Балаларға арнап ойын алаңын және дәл жанынан кішкентай футболшыларға арнап шағын футбол алаңын салуды қолға алған шоқпартоғайлықтар да қуаныштарын білдірді.

-Біз бұл ауылдың ақсақалдары, бұрын немереліріміз үшін қатты алаңдайтынбыз. Далаға бірге еріп шығып, шаршап та қалатынбыз. Биыл ауылдың белсенді азаматтары жоба аясында ойын және футбол алаңын салып, балалар да өзіміз де қуанып жатырмыз. Біздерге арнап отырғыштар да орнатып қойыпты, қандай жақсы! Осылай ауылдарымыз көркейе берсін! Ұйымдастырушылардың барлығына шын жүректен рахметімді айтамын,- деді ауыл ақсақалы Өтеп Бахуов.  

Айта кетейік, дәл осы күні Тұрғызба ауылында 3 ойын алаңы да қолданысқа берілді.

Qoǵamdyq keńistikter бағдарламасының директоры Алма Шолпанкулованың айтуынша, биыл Жылыойда 30-дан астам жаңа қоғамдық орын ашу жоспарланған. Әлеуметтік бағдарламаның бірегейлігі - тұрғындар бастамашыл топтарға бірігіп, абаттандыру мәселелерін бірлесіп шешеді.

Еске салайық, Qoǵamdyq Keńistikter Орталық Азияның Еуразия Қоры ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының қолдауымен іске асырылуда. Төрт жыл ішінде бағдарлама аясында Атырау және Маңғыстау облыстарында 150-ден астам қоғамдық орын салынып отыр.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #жылыойлар #елді мекендер
Объявления
live comments feed...