• Главная
  • Қызылқоғада «Қаламгер сыйлығы» атты байқауы қорытындыланды
20:00, 24 июня 2023 г.

Қызылқоғада «Қаламгер сыйлығы» атты байқауы қорытындыланды

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Қызылқоға» газетінің 70 жылдығана орай «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің қолдауымен, «Қызылқоға» газеті редакциясының ұйымдастыруымен «Қаламгер сыйлығы» атты байқаудың қорытынды жиыны өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бір айдан аса уақыт бұрын газетті түлетуге зор үлес қосқан бас редакторлар Төлеубай Ысқақов, Қабдол Кенжеалиев, Ізни Нұрқасымов және Қазақстанның Құрметті журналисі Жолдас Жанқуат атындағы сыйлық тағайындалған еді. 

«Арман» мәдениет үйінде өткен ізгі шарада «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов құттықтау тілегін білдірді.

– Тоқырау кезінде елімізде біраз газет жабылды. Соның ішінде «Қызылқоға» газеті де бар. Жабылған газетті қайта шығаруда сол кездегі газеттің бас редакторы Лес Жолдиевтің еңбегі зор. Міне биыл осы газетке де 70 жыл толып отыр. Күні кеше Исатай  аудандық «Нарын таңы» газетінің 70 жылдығы өтсе, бүгін «Қызылқоға» газетінің 70 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Қаламгер сыйлығы» байқауының қорытындысы өтуде. Төлеубай Ысқақовпен жұмыстас болсақ, Қабдол Кенжеалиев, Ізни Нұрқасымов ағаларымызды көзіміз көрді. Ал, Жолдас Жанқуатов араларыңызда отыр. Төрт бірдей журналистің есімдерін ардақтап, олардың атында өтіп жатқан бұл байқау тәрбиелік мәні бар үлкен шара. «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» дегендей, өткенді ешқашан ұмытуға болмайды. Сондықтан бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Мерекелерің құтты болсын, әріптестер!, – И.Балмағамбетов.

Бұдан кейін И.Балмағамбетов «Баспасөз» науқаны барысында газетке жазылуды жүйелі ұйымдастыра білгені үшін селолық округ әкімдерін және ұлт руханиятының дамуына және жас ұрпақты газет арқылы тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін ауданның бірқатар азаматтарын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Жасын Біркеновтың алғыс хатымен марапаттады.

Шара барысында оқырмандар арасында өткен байқауда Қабдол Кенжалиев атындағы сыйлықты жеңіп алған Құмар Хасанов, Роза Әбілханова, Әділет Амангелді, Нұрлыбек Бақтығалиға сыйлықтарын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов пен ұрпағы Бауыржан Қабдолұлы табыс етті. Ал, аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гауһар Құрманғазиева мен ұрпағы Ержан Нұрқасымов Ізни Нұрқасымов атындағы сыйлықты Нұрислам Құспанғали, Амандық Абдолов, Назиға Тортайларға табыстаса, Жолдас Жанқуат атындағы сыйлықты иеленген  Айтгүл Еңсегенді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин мен Жолдас Жанқуатовтың ұлы Қисмеден Жанқуатов марапаттады.

Салтанатты шара барысында жергілікті өнерпаздар «Қызылқоға қаламгерлері», «Қазақ тілі», «Есіңе ал», «Туған өлкем – Қызылқоғам» әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #"Қаламгер сыйлығы" байқауы
Объявления
live comments feed...