• Главная
  • Атырау облысының ветеринариялық станциясына жаңа көліктер беріледі
10:50, 16 июня 2023 г.

Атырау облысының ветеринариялық станциясына жаңа көліктер беріледі

фото: Аймақтық байланыс қызметі

фото: Аймақтық байланыс қызметі

Шілде айына дейін мемлекеттік сатып алу арқылы жол талғамайтын 42 «Соболь» автокөлігі жеткізіледі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің ветеринарлармен кездескен жиынында мәлім болды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

- Ветеринариялық ұйымдарда күні бүгінде 126 қызметтік автокөлік бар. Олар күнделікті профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жүргізу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, санитариялық союға жануарларды тасымалдау сияқты жұмыстарға пайдаланылады. Алайда, қызметтік автокөліктер 2012 жылдары сатып алынған, жағдайлары өте нашар. Сол себепті 80-ге жуық жаңа көлік сатып алу қажет. Осы проблеманы біртіндеп шешу үшін  жол талғамайтын 42 автокөлікті мемлекеттік сатып алу порталына енгіздік. Енді осы айдың аяғына дейін жаңа  көліктер жеткізіледі. Қалғаны біртіндеп алынады,- деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев.

Жиында ветеринария саласында қордаланған өзге мәселелер де  көтерілді.  Мәселен, ветеринариялық пункттер жұмысқа бейімделмеген ескі ғимараттарда, тіпті кейбірі жергілікті әкімдіктердің бір бөлмесінде орналасқан. Ол жерлерде жұмыс істеуге, дәрі-дәрмек сақтауға, техниканы, ветеринарлық құрал-жабдықтарды талапқа сай орналастыру мүмкін емес. Малға эпизоотияға қарсы іс-шаралар өткізетін арнайы орындар жоқ. Соның кесірінен ветеринарларға үй-жайларды аралап жүруге тура келеді. Ал, жан-жақты аралау үшін тағы да көлік жетіспеушілігі сезіледі екен. 

Бұл мәселелерге қатысты басқарма басшысының орынбасары жауап берді. 

-Ветеринария саласындағы қордаланған мәселелер бізге мәлім. Соның ішінде арнайы ғимарат салу мәселесі республика деңгейінде айтылып келе жатыр. Өйткені, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен  заманауи ветеринариялы-санитариялық ғимарат бекітілмеген. Сол себепті, жеке құрылысын жүргізу, жобасын құру мүмкін емес. Алайда, осы мәселе бойынша министрлікке ұсыныстар берілуде,- деді А.Айтқалиев.

Бұл ретте жиын басшысы Марат Мурзиев мал дәрігерлерін жеке тыңдап, осы жерде айтылған проблемаларға ден қойылатынын жеткізді. 

Айта кетейік, қазір облыста 69 ветеринариялық пункт бар. Онда 271 ветеринар және 76 көмекші мамандар жұмыс атқарады. Бұдан бөлек, облыста биологиялық қалдықтарды жоюға арналған 29 инсинератор пештері мен 56 типтік үлгідегі мал молалары барлық ауданда бар. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы  жануарлары арасында бруцеллез ауруы азайған.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #ветеринарлық станция
Объявления
live comments feed...