• Главная
  • Телевизиядағы авторлық бағдарламалардың дайындалу ерекшелігі тақырыбында шеберлік сыныбы өтті
15:17, 10 января 2018 г.

Телевизиядағы авторлық бағдарламалардың дайындалу ерекшелігі тақырыбында шеберлік сыныбы өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тележүргізуші «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы Жанар Байсемізова « Телевизиядағы авторлық бағдарламалардың дайындалу ерекшелігі» тақырыбындағы шеберлік сыныбын өткізді.

Екі жылға жуық уақыт Қазақстан-Атырау телеарнасында қызмет атқарған Жанар Қожақанқызы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттеріне журналистика саласындағы өзіндік тәжірибесімен бөлісті. Кездесу барысында жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған елдің ертеңдері құндақтаулы күйінде мұхит асқан сәбилердің тағдырын бейжай қалдырмаған «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасы, мұқалмас жігер мен қажымас қайратты қажет ететін авторлық бағдарлама тауқыметі, энтузиаст адамдардың мотивациялық өмірбаяны, психологиялық қажеттіліктерді талап ететін журналистік этика, «көз жасы» жан дүниенің жалаңаштануы деп түсінетін испандықтар эмоциясы, амбицияны ысырып, дефицитті толтыру керек өмір экзистенциясы мен хақ Алла Тағаланың жіберген адамдық парыздары туралы сүбелі сөздер айтылды. «Интервью – көркем шығармашылықтың бір түрі. Сұхбат алушыдан қанатты қиял мен композициялық шеберлік талап етіледі» деп канадалық жазушы Маргарет Этвуд айтқандай сұхбаттасушы мен сұхбат алушының өзіндік ережелері түсіндірілді.Стиль – өзіңнің кім екеніңді аузыңды ашпай-ақ айту» деп америкалық сәнгер Рейчел Зоуи айтқандай журналистің сырт келбеті мен түр-әлпеті әрқашан маңызды екені жайында да ескертілді. Бойдағы буырқанған қанның бір екенін ұғынған студенттер тарапынан шетелдегі қазақ балаларының бүгінгі алаңдаулы тағдырларында шөкімдей қазақилықтың оты қалды ма деген сауалдар көп кездесті. Екі жарым сағатқа созылған үнсіз аудиторияның тыныштығында қойылған сұрақтан гөрі тыңдалған құлақ көп болды. Бұл жолғы кездесу болашақ журналистерге бұйыртқан нәрсе жоспарсыз-ақ орындалатынын, табалдырықтан асқан таудың жоқтығын ұқтырып, «Басқалардың сенімі емес, бастысы өзіңнің ішкі сенімің» деген Жанар ханымның бір ауыз сөзі арманның алдамайтынына, үміттің өлтірмейтініне тағы бір мәрте сендірді.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#шеберліксынып #мастеркласс
Объявления
live comments feed...